16 шіл, 2020 сағат 10:23

Солтүстік Қазақстан мен Шығыс Қазақстанда індет өршіп тұр

COVID-19 жұқтырғандардың көрсеткіші өзге өңірлерге қарағанда Солтүстік Қазақстан мен Шығыс Қазақстанда жоғары болып отыр, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Бүгінгі таңда Қазақстанда COVID-19 жұқтырған 65 188 адам тіркелді. Оның ішінде 32 248 - симптомдық жағдай. 25 688 науқас емін жалғастыруда. 39 066 адам сауығып шықты. 6-12 шілде аралығында республикада 11 325 жағдай тіркелген. Өткен аптамен салыстырғанда саны 6,7 пайызға өскен. Өткен тәулікте елімізде 1674 жаңа жағдай тіркелді. Өсім – 2,6 пайызды құрайды. Жаңа жағдайлардың көбі Алматыда тіркелген», - деді ҚР ДСМ Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитетінің төрағасы Тимур Сұлтанғазиев ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында.

Комитет төрағасының айтуынша, бір апта ішінде сырқаттанушылық деңгейі 6,7% өскен. Өткен тәулікте бұл көрсеткіш 1 674 жағдайды (2,6%) құраған. Індетті жұқтырғандардың басым бөлігі Алматы қаласында (219), Атырау облысында (218) тіркелген. 

«Ең жоғары өсім Солтүстік Қазақстан (5,1%) және Шығыс Қазақстан (3,9%) облыстарында байқалды», - деді ол.