26 нау, 2022 сағат 13:02

СҚО тұрғыны террористік ұйымның символикасын жариялағаны үшін жауапқа тартылды


СҚО тұрғыны террористік ұйымның символикасын жариялағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды, - деп хабарлайды Polisia.kz.

СҚО ПД Экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері қаңтар айының соңында мессенджерлерге мониторинг жүргізу барысында өз аккаунтындағы негізгі фотосуреті ретінде террористік ұйымның діни символикасын орналастырған 52 жастағы желі қолданушысын анықтады.

Бұл материалдар діни сараптамаға жіберілді. Сараптама нәтижесіне сәйкес, қала тұрғыны жариялаған сурет террористік ұйымға қатысты болып табылады және ҚР аумағында таратуға тыйым салынған. Аталған факті бойынша әкімшілік материал жиналып, процессуалдық шешім қабылдау үшін сотқа жіберілді.

"Солтүстік Қазақстан облысы Петропавл қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған сотының қаулысымен ол ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 453-бабының 2-бөлігі бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сот қаулысы күшіне енді", - деп хабарлады СҚО ПД Экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Руслан Жарасбаев.

Жыл басынан СҚО-да әлеуметтік желілерде діни мазмұндағы материалдарды таратуға қатысты әкімшілік құқық бұзушылық жасаудың 6 дерегі тіркелді.