21 ақп, 2024 сағат 10:56

СҚО полицейлері интернет-алаяқтықтың алдын алу үшін жаңа тәсілге көшті


СҚО Аққайың ауданы полиция бөлімінің қызметкерлері тұрғындарды интернет-алаяқтықтан сақтандыру мақсатында арнайы ескерту хабарландыру бейнеленген полиэтилен пакеттерді сатылымға шығарды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Бұл бастаманы белсенді азаматтық ұстанымы бар жергілікті жеке кәсіпкер Сергей Векерле қолға алды.

«Соңғы уақытта жолдастарымнан, таныстарымнан оларға алаяқтардың хабарласып, кодтарды, парольдарды сондай-ақ жеке басқа қатысты өзге де деректерді сұрайтыны туралы жиі естимін. Сол себепті бұл ұсынысқа бірден келісімімді бердім», — дейді жеке кәсіпкер.


Ол бірден 30 мың пакетке тапсырыс берген. Пакеттердің сыртында интернет-алаяқтықтың қаупі туралы маңызды ақпарат жазылған.

Осындай мақсатпен аудандық полиция бөлімінде өткен кеңесте полицейлер мен прокурорлар жергілікті бизнес өкілдерімен кездесу өткізді. Тауар пакеттері аққайыңдық әр дүкенге таралуы үшін жиын қатысушылары оларды өзіндік құнымен кәсіпкерлік бөлімі арқылы сатып алу туралы келісімге келді.

Бұл жұмыстар кибералаяқтықтарға қарсы іс-қимылға бағытталған «Anti-Fraud» жедел-профилактикалық іс-шарасының шеңберінде өткізіліп отыр. 

«Полиция қызметкерлерінің профилактикалық жұмыс жүргізудегі мақсаты — айлакерлердің қулықтары мен алаяқтықтың қаупі жайлы әр адамға айту.  Біздің қызметкерлер аталмыш акциялар кезінде, үйді-үйге барып, азаматтарды құлағдар етеді. Ауылдық округтерде WhatsApp мессенджеріндегі чаттарда ескертулер жасалып тұрады» — дейді аудандық полиция бөлімінің бастығы полиция подполковнигі Әлнұр Ахмедияров.


Оның айтуынша, жыл басынан ауданда интернет-алаяқтық фактілері тіркелмеген. Алайда  өткен жылы қаскөйлердің әккі әрекетінің салдарынан 9 адам зардап шексе керек. Аталған қылмыстың дерлігінде алаяқтар өздерін «банктенбіз» деп таныстырған.


Аудандық полиция бөлімінің мәліметінше,  тұрғындарға жүздеген мыңнан 3,5 миллион теңгеге дейінгі шығын келген. Сол себепті жергілікті полиция қызметкерлері қаржылық мәселелерді телефон арқылы шешпеу керегін ескертеді.

«Сондай-ақ әлдебіреулердің қысым көрсетуімен несие алмаңыздар, ақша аудармаңыздар. Телефондарыңызға бейтаныс қосымшаларды орнатпаңыздар», – дейді полиция подполковнигі Әлнұр Ахмедияров.