12 қар, 2020 сағат 13:55

СҚО коронавирус бойынша «жасыл» аймаққа енді

Солтүстік Қазақстан облысы коронавирус бойынша «жасыл» аймаққа еніп, жаңа жағдайлар тіркелмегендіктен 5 елдімекеннен карантин алынды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

СҚО Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті бастығының орынбасары Татьяна Горлованың қатысуымен бүгін өңірдегі эпидемиологиялық жағдай бойынша брифинг өтті. 

Т.Горлованың айтуынша, соңғы тәулікте СҚО-да аурудың 35 жағдайы тіркелген. Соның 18-і Петропавл қаласында, 3-уі Мамлют ауданында, Қызылжар мен Уәлиханов аудандарында - 6 және Ғ.Мүсірепов, М.Жұмабаев аудандарында 1 жағдайдан анықталды. Жалпы ауырғандар саны 4841-ге жеткен. 

«Оның 30-ында ПТР-тест эпидемиологиялық көрсеткішке орай алынса, шекарадан өткен екі адамнан және эпидемиологиялық бақылау аясында тағы үш адамнан анықталды. Әлі де ең үлкен үлес – 46% 50 жастан асқандарға тиесілі», - дейді Татьяна Горлова. 

Қазір СҚО-да 8 ауданның 11 елдімекені карантинге жабық. Жағдайдың жақсаруына байланысты бұрын жабылған 5 ауылдан – Ақжар ауданындағы Казанское, Ленинградское елдімекендерінен, Тайынша ауданындағы Киров пен Чермошнянкадан және Шалақын ауданындағы Повозочноедан карантин алынды. 

«СҚО бүгіннен бастап коронавирус бойынша «жасыл» аймаққа енді. Бірақ, бұған қуануға әлі ерте. Жағдай күнде өзгеруде. Ертең-ақ көрсеткіш артуы мүмкін. Сол себепті карантин талаптарын сақтауымыз қажет», - дейді санитариялық дәрігер. 

Карантин талаптарының сақталуын өңірде мониторингтік топтар қадағалауға алған. Осы аралыққа дейін 1261 әкімшілік хаттама толтырылған. Оның 1158-і қоғамдық орындарда маска тақпаған жеке тұлғаларға қатысты. Жалпы салынған айыппұлдың мөлшері – 71 млн теңгеден асады. Бүгінде департаментте тәртіп сақшыларынан түскен 400-ге жуық іс қаралып жатыр.