Фото: Ашық дереккөз
Солтүстік Қазақстан облысында заңсыз аңшылықпен айналысқан ұйымдасқан қылмыс топ сотталды, деп хабарлайды облыстық прокуратура.
23 сәуірде ұйымдасқан қылмыс тобы құрамында заңсыз аңшылықпен айналысқандарға қатысты үкім заңды күшіне енді.
"Сотта бұлтартпас дәлелдер бола тұра, төрт айыпталушы жасаған қылмыстары үшін өз кінәларын мойындамай, жасаған қылмыстарына өкінбеген. Осыған қарамастан, мемлекеттік айыптаушы Петропавл қаласының 4 тұрғынын облыс орталығының маңында 53 елікті заңсыз атып, мемлекетке 68 миллион теңгеден астам шығын келтіргенін дәлелдеді", - делінген хабарламада.
Петропавл қалалық соты барлығын 8 жылдан 11 жылға дейін бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарды. Олардан келтірілген материалдық шығынды өндіріліп алынады.