Фото: qyzyljartv
Солтүстік Қазақстан облысының тумасы соғыс ардагері Василий Васильевич Макиенко өмірден өтті, деп хабарлайды СҚО әкімдігі.
Василий Васильевич 1926 жылы 24 қаңтарда Волошинка ауылында дүниеге келген. 1943 жылы 17 жасында әскерге шақырылып, 44-ші және 142-ші атқыштар полкінде, кейін 317-ші гвардиялық атқыштар полкінде қызмет етті. Көрсеткен ерлігі мен батырлығы үшін II дәрежелі Отан соғысы орденімен және медальдармен марапатталды.
Соғыстан кейін бейбіт еңбекке белсене араласып, өңірдің дамуына елеулі үлес қосты. Су шаруашылығы саласында еңбек етіп, техникалық жабдықтау өндірісі басқармасы бастығының орынбасары қызметін 13 жыл атқарды.
"Біздің ардагеріміз өмірге құштар, белсенді және салауатты өмір салтын ұстанған, жас ұрпаққа рухтың мықтылығы мен нағыз патриотизмнің жарқын үлгісі болды. Өткен жылы ол өңір тұрғындарымен бірге Мәңгілік алауға гүл шоқтарын қою рәсіміне қатысқан сәт барша солтүстікқазақстандықтар үшін ерекше әсерлі болды. Келер жылы ол 100 жасқа толар еді. Майдангердің ерлігі мен еңбегі, жарқын бейнесі жадымызда мәңгі сақталады", - деп жазды өңір басшысы Ғауез Нұрмұхамбетов әлеуметтік желіде.
Қазіргі таңда Солтүстік Қазақстанда жалғыз ғана соғыс ардагері қалды.