Білім және ғылым министрлігінің Білім беру саласындағы сапаны қамтамасыз ету департаменті қызметтік көлікке оқ атылғанына байланысты пікір білдірді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.
Оқиға демалыс күні болғандықтан, әлеуметтік желі қолданушылары "қызметтік көлік жұмыстан тыс уақытта қандай мақсатта пайдаланылғанын" сұрасып жатыр. Huyndai Accent көлігі тіркелген бөлім жүргізуші көлікті өз қажеттілігіне пайдаланғанын айтты.
"Көліктің жүргізушісі - Петропавл қаласының 25 жастағы тұрғыны. Білім беру саласындағы сапаны қамтамасыз ету департаментіне 2021 жылы сәуірде қабылданды. Бұған дейін Петропавл қаласының ТКШ бөлімінде және Мамлют ауданы әкімінің аппаратында жұмыс тәжірибесі болған.
Мереке, демалыс күндері, сондай-ақ жұмыстан тыс уақытта қызметтік көлік пайдалануға жатпайтынын атап өткен жөн. Алайда, осы ережелер мен талаптарды бұзған жүргізуші басшылығына ескертпей, өз еркімен Мағжан Жұмабаев ауданына туыстарына барған", - деді облыстық Білім беру саласындағы сапаны қамтамасыз ету департаментінің басшысы Айнагүл Сұрағанова.
