27 шіл, 2021 сағат 19:21

СҚО-да шекарашы суға кеткен 2 жасар сәбиді аман алып қалды


Солтүстік Қазақстан облысы Уәлиханов ауданындағы «Кішкенекөл» шекара бөлімінің бастығы Айдын Тұрсынғазыұлы суға кеткен 2 жасар сәбидің тірі қалуына себепші болды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Шекара қызметінің СҚО бойынша департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, оқыс оқиға 18 шілде күні сағат 17.30 шамасында Уәлиханов ауданының Қаратерек ауылында болған. 

Аулада ойнап жүрген 2 жасар сәби бір мезет ата-ана бақылауынсыз қалып, су толы ыдысқа құлап кеткен. 

Баланың суда қанша болғаны белгісіз, оны тапқан кезде сәбиде тіршілік белгісі болмаған екен. 

Сол күні «Кішкенекөл» шекара бөлімінің бастығы Айдын Тұрсынғазы жұмыспен Қаратерек ауылына келген екен. Ол оқыс оқиғаның үстінен түскен.

«Маған шекараны өту бойынша халықпен түсіндіру жұмысын жүргізу міндеті қойылды. Ауыл тұрғынарымен, фермерлермен сөйлестім, сосын ауыл әкімінің үйіне бардым. Жексенбі болатын. Әкімнің үйіне туған інісі отбасымен, соның ішінде 2 жасар сәбиімен Нұр-Сұлтан қаласынан қонаққа келген екен. Сөйлесіп тұрғанда баласын іздеген ананың даусы шықты. Әрі-бері жүгіріп таппады. Біз де іздеуге қосылдық. Бір кезде үй иесі - әкім су толы ыдыстан сәбиді тауып, көтеріп алып шықты. Бала көгеріп кеткен, қанша уақыт суда болғаны белгісіз, тіршілік белгісі болмады», - дейді Айдын Тұрсынғазы. 

Шекарашы бойын бірден жинап алып, сәбиге алғашқы медициналық көмек көрсетеді. 

«Жасанды жолмен демалдыруға кірістім. Жүрек тұсын уқаладым. Баланың өмірі үшін 15 минут алысқан шығармын. Шаршап, екі-үш рет тоқтап, анасы жылап, тоқтамаңыз, көмектесіңіз деп, бір мезет баланың ыңырсыған даусы шықты-ау әйтеуір. 

Фельдшерді шақырып, ол дәрі егіп, бірден аудандық ауруханаға әкетті. Одан жедел жәрдеммен облыс орталығына жеткізілді. Бала аман-есен. Қазір жағдайы жақсы, аптаның соңына қарай ауруханадан шығады деп естідім. 

Ақыл-есі сау, түзу, соншама уақыт мыйына оттегі бармағандықтан мүгедек болып қалар ма екен деп қорқып едім. Әйтеуір аман қалды», - дейді Айдын Тұрсынғазы. 

Қазіргі уақытта сәби Нұр-Сұлтан қаласында ем қабылдап жатыр. Жағдайы жақсы.