07 қаң, 2021 сағат 14:10

СҚО-да оқу-жаттығу кезінде тікұшақтың қозғалтқышы істен шықты

Солтүстік Қазақстан облысында оқу-жаттығу барысында тікұшақтың қозғалтқышы өздігінен істен шықты. Әуе кемесінің бортында екі адам болған, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«2021 жылы 6 қаңтарда Петропавл қаласы әуежайы ауданында оқу-жаттығу кезінде авиациялық оқиға тіркелді. «Аэропракт» ЖШС-ға тиесілі BO-105 тіркеу нөмірі UP-ЕС114 тікұшағының оң жақ қозғалтқышы істен шықты», - делінген ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің ақпаратында. 

«Аэропракт» ЖШС басшылығынан алынған алдын ала мәліметтер бойынша, төмендегі мән-жай анықталған.

«ВО-105 UP-ЕС114 әуе кемесінің экипажы ұшу тапсырмасын бекітілген жоспарға сәйкес орындады. Белгіленген биіктік 300 футқа жеткен кезде Петропавл қаласының әуежайынан 20 шақырым қашықтықта тікұшақтың оң қозғалтқышы өздігінен істен шыққан. Әуе кемесінің командирі Петропавл қаласы әуежайының әуеден таңдалған алаңына мәжбүрлі түрде қону шешімін қабылдады. Мәжбүрлі қону алдында экипаж «Қазаэронавигация» РМК ӘҚҚ диспетчеріне қозғалтқыштың істен шыққанын баяндады», - деді министрліктің баспасөз қызметінен.

Тікұшақ сағат 13:38-де жерге сәтті қонған. Зардап шеккендер жоқ. Авиациялық оқиға кезінде әуе кемесінің бортында ұшқыш-нұсқаушы және әуе кемесінің командирі болған. Ал ҚР ИИДМ авиациялық оқиғалар мен инциденттерді тексеру басқармасының қызметкерлері оқиғаны тексеруге кірісті.