18 қар, 2021 сағат 15:53

СҚО-да дүниеге келгендерден қайтыс болғандар саны артық


Солтүстік Қазақстан облысында биылғы 10 айда 4 967 адам дүниеге елсе, 5 845 адам қайтыс болған, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Ұлттық статистика бюросы СҚО бойынша департаменттің мәліметінше, биыл өңірде 4 967 сәби дүниеге келсе, соның 41,6 %-ы Петропавлда туған. 

Нәрестелердің 2 605-і ұл, 2 362-сі қыз. Демографиялық көрсеткіш бойынша Уәлиханов, Шал ақын және Жамбыл аудандары алда келеді. 

Ең төмен бала туу көрсеткіші М.Жұмабаев ауданында. 2021 жылдың қаңтар-қыркүйек аралығында 5 845 адам қайтыс болды. 

Оның 19,8 %-ы тыныс алу мүшелері ауруынан, 14,7 %-ында қан айналымы жүйесі, 7,3 %-ы асқорыту мүшелері ауруларынан және қатерлі ісіктен және 6,7 %-ында жазатайым оқиғалардан, улану мен жарақаттанудан көз жұмған.

Жалпы биыл 2 648 неке қиылған, бұл – өткен жылмен салыстырғанда шамамен 24 %-ға жоғары. 544 отбасы ажырасқан.

Биыл тоғыз айдың ішінде өткен жылдың осы аралығымен салыстырғанда қоныс аударушылар саны 12,4 %-ға төмендеген. Көшіп кеткендер саны 0,5 %-ға артқан. 

Қоныс аудару негізінен ел ішіндегі миграциямен байланысты. Аймақтар арасындағы миграция бойынша теріс сальдо өткен жылмен салыстырғанда 30,9 %-ға көбейген. 

ТМД елдерінен келетін иммигранттар саны өткен жылмен салыстырғанда 22,6%-ға, әлемнің басқа елдерінен 64,4%-ға кеміген. Ал ТМД елдеріне эмиграция 4,8 %-ға зайса, әлемнің басқа елдеріне қоныс аударғандар саны 33,1 %-ға артып отыр. 

Осылайша СҚО тұрғындарының саны бүгінде 539,4 мың адамға жетті. Оның 252,9 мыңы – қалада тұрады.