26 қаң, 2024 сағат 10:37

СҚО-да былтыр жөнделген су мұнарасы қатып, ауыл бір аптадан бері сусыз отыр

Көрнекі фото: kuban24.tv

Солтүстік Қазақстан облысы Шал ақын ауданындағы Жаңасу ауылы тұрғындары бір аптадан бері сусыз отыр. Су мұнарасы қатып, істен шыққан, деп хабарлайды Kazinform агенттігі.

Жаңасу ауылы тұрғындарының айтуынша, қыс басталғалы олар судан мехнат көріп келеді.

Былтыр жөндеуден өткен су мұнарасы екі күннің бірінде істен шығады екен. Амалы құрыған тұрғындар әлеуметтік желіде бейнежазба жариялап, көмек сұрады. 

«Бір апта болды сусыз отырғанымызға. Көліктері барлар әкеліп жатыр. Мұнараны дұрыс істемеген, сорғы да қоймаған. Бір жерден шланга шығарған, болды. Алдында ақша бөліп төрт колонка орнатамыз деген. Әкім жұмыс істемейді. Үнемі қатады, енді қайта іске қосу үшін қыздыру керек дейді. Ауылдың бүкіл жігіттері келіп қарап жатырмыз. Осыған көмек көрсетсеңіздер», — дейді Жаңасу ауылының тұрғыны.

Шал ақын ауданы әкімдігінің мәліметінше, былтыр Жаңасу ауылының су құбыры желілеріне ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілген.

«Су мұнарасы 1970 жылы салынған. Бүгін мұнара қатып қалды. Қазір жылыту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Ол ертең, яғни 26 қаңтарда аяқталады», - делінген жауапта.