06 қар, 2020 сағат 11:19

СҚО-да 9 қарашадан бастап автовокзалдардың жұмысы тоқтатылады

Солтүстік Қазақстан облысының бас санитариялық дәрігердің қаулысына өзгеріс енгізілді. 9 қарашадан бастап облыс аумағында автобус қатынасы тоқтайды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

СҚО Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, карантиндік шектеулер Петропавл қаласы мен Қызылжар ауданында ғана емес, барлық облыс аумағында күшейтілмек. Жаңа қаулы 9 қараша күні сағат 00.00-ден бастап күшіне енеді. 

Барлық тұрғындарға, соның ішінде жасы 65-тен асқандарға сағат 22.00 мен 06.00 аралығында дәрі-дәрмек сатып алу секілді асқан қажеттілік болмаса тұрғылықты жерінен кетпеу ұсынылады. 

Ойын-сауық, сауда орталықтары, сауда үйлері дүйсенбі-жұма күндері сағат 10.00 мен 20.00 аралығында ғана жұмыс істейді. Сенбі-жексенбі күндері, ішіндегі азық-түлік дүкендерінен басқасы, жұмысын тоқтатады. Бұл аумағы 500 шаршы метрден асатын сауда орталықтарына да қатысты. Құрылыс дүкендері сенбі-жексенбі күндері жұмыс істейді. 

Аумағы 500 шаршы метрге дейінгі азық-түлік емес бұйымдарын сататын дүкендердің де жұмыс кестесінде өзгеріс бар, олар сенбі-жексенбіден басқа күндері сағат 8.00-20.00 аралығында ашық. 

Сұлулық салондары, шаштараздар, косметикалық қызмет көрсететін орталықтар сенбі-жексенбі жұмыс істемейді. 

Қоғамдық тамақтану орындары ұжымдық іс-шаралар өткізбестен және дүйсенбіден жұмаға дейін жұмыс уақыты сағат 08.00-ден 21.00-ге дейін бекітілді. Залда 30 орыннан аспауы керек, 30 орыннан аз нысандар үшін тек 50% ғана толуы қажет. Сенбі-жексенбі күндері сағат 08.00-ден 21.00-ге дейін тамақтану объектілері тұтынушыларға өнімдерін тек жеткізіп беру арқылы жұмыс істейді. 

Сондай-ақ СҚО аумағында облысішілік автобус қатынасы тоқтайды. Автовокзал, автостансалардың жұмысы уақытша шектелді.