05 нау, 2026 сағат 16:38

Skinhead идеясын насихаттаған: Семейде кәмелетке толмаған жасөспірім сотталды


Фото: Хабар24


Семейде кәмелетке толмаған жасөспірім ұлттық араздықты қоздырғаны үшін сотталды, деп хабарлайды Ult.kz.


Абай облысының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты ҚР Қылмыстық кодексінің 174-бабы бойынша айыпталған жасөспірімге қатысты қылмыстық істі қарады.


Сот материалдарына сәйкес, 2025 жылдың ақпан айында кәмелетке толмаған Б. нәсілшіл «скинхедтер» қозғалысының көзқарастарын қолдай отырып, Telegram мессенджерінде Skinheads industries-Semey атты чат құрған. Топтың әкімшісі бола отырып, ол ұлттық белгісі бойынша адамдарды кемсітетін жазбалар мен аудиохабарламалар жариялаған. Атап айтқанда, Үндістаннан келген студенттер мен олардың мәдениетін қорлайтын пікірлер таратқан.


Сонымен қатар жасөспірім чат қатысушыларын өз көзқарасын қолдауға шақырып, басқа адамдарды, соның ішінде кәмелетке толмағандарды да осы қауымдастыққа тартуға тырысқан. Осылайша Семей аумағында экстремистік идеяларды таратуға әрекет жасаған.


Мемлекеттік айыптаушы соттан Б.-ға 1 жыл 4 ай мерзімге бас бостандығын шектеу жазасын тағайындауды сұрады. Жасөспірім сотта өз кінәсін толық мойындап, жасаған ісіне өкініш білдірген.


Сот ҚР Қылмыстық кодексінің 55-бабы мен 81-бабының талаптарын ескере отырып, оған 1 жыл 4 ай мерзімге бас бостандығын шектеу жазасын тағайындады.


Сот үкімі заңды күшіне енді.