Сенаторлар депутаттық өкілеттігі тоқтаған әріптестерін қошеметпен шығарып салды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Қазақстан Президентінің Жарлығымен 12 тамызда Сергей Громов, Бірғаным Әйтімова, Асқар Бейсенбаев, Георгий Ким, Дулат Құсдәулетов, Рашид Түсіпбековтің депутаттық өкілеттігі тоқтатылған еді. Бүгін Сенаттың жалпы отырысында депутаттар бұрынғы әріптестеріне алғыс айтып, қошеметпен шығарып салды.
Осыдан кейін Бірғаным Әйтімова мінберге шығып, әріптестеріне жылы лебізін білдірді.
"Құрметті Дариға Нұрсұлтанқызы, құрметті әріптестер! Біздің ізімізді басып келе жатқан әріптестер! Сіздер болмасаңыздар, біз әлі қалар едік. Сіздерді құттықтаймыз", - деді бұрынғы сенатор.
Әйтімованың бұл сөзі депутаттарды ду күлдірді. Кейін Дариға Назарбаеваны жоғары палатаның төрағасы болып сайлануымен құттықтап, гүл шоғын сыйлады.
"Бәріңіздің алдарыңызға осындай кез келеді. Бүгін болмаса, ертең. Ертең болмаса, бес-алты жылдан кейін. Бірақ, ең бастысы, бәріңізге осындай сыйластық көрсеткендеріңіз үшін басымды иемін", - деді ол.
Әйтімова осы жылдар ішінде өзіне сенім артқан Елбасыға ризашылығын білдірді.
"Менің өмірдегі ең басты ұстанымым – адал жұмыс істеп, елге, халыққа тек пайда әкелу, ешқандай жамандық жасамау болды. Осы принциппен әлі күнге дейін жұмыс істеп келемін. Сондықтан маған үлкен сенім білдіргені үшін Елбасымызға мың да бір рақмет... Ол кісіге рақметтен басқа айтар сөзім жоқ. Денсаулық тілеймін, әрі қарай еліміздің ақылшысы болып отыруына тілектеспін", - деді бұрынғы депутат.
Сондай-ақ, Әйтімова Қазақстанның қазіргі Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа да алғысын айтты.
Бірғаным Сарықызы Әйтімова 1953 жылғы 26 ақпанда туған.
А.С. Пушкин атындағы Орал педагогика институтын, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін бітірген. Мамандығы бойынша ағылшын тілінің мұғалімі, заңгер.
Төтенше және өкілетті елші дипломатиялық рангы бар.
Әр жылдары Қазақстанның Израильдегі, Италиядағы елшісі, премьер-министрдің орынбасары, білім және ғылым министрі, Қазақстанның БҰҰ жанындағы тұрақты өкілі қызметтерін атқарды.
2013 жылдың 26 тамызынан 2019 жылдың 12 тамызына дейін сенат депутаты болды.
"Құрмет", "Парасат" және ІІ дәрежелі "Достық" ордендерімен марапатталған.
Тұрмыста, бір ұл, бір қызы бар.