Вашингтон Евфрат өзенінің шығыс бөлігіндегі аумақтарды бөлуге ұмтылып отыр. Бұған қоса, олар сол жерде квазимемемлекет құру үшін қолдан келгеннің бәрін істеуде, деп мәлімдеді Ресей сыртқы істер министрлігінің басшысы Сергей Лавров Париждегі екінші бейбітшілік форумында.
"АҚШ Шығанақ елдерінен үлкен инвестициялар туралы сұрайды. Олар осылайша Сирия демократиялық күштері, күрдтер – халықтық өзін-өзі қорғау жасақтары мен басқалары негізінде жергілікті әкімшілік құрғысы келеді. Бұл Сирияның осы бөлігін бөліп тастап, сол жерде орналасқан мұнай кен орындарын бақылау үшін жасалып отыр", - деді министр.
Бұған қоса, Лавровтың айтуынша, Америка Құрама Штаттары одақтастарына ресми Дамаск бақылайтын Сирияны қалпына келтіру жобаларын инвестициялауға тыйым салады, деп хабарлайды Sputnik агенттігі.
"Біз Сирия үкіметімен бірге, басқаларды шақыра отырып, елдің жақсы өмірге оралуы үшін, босқындардың қайта келуі үшін инфрақұрылымды жаңғырту мақсатында жағдай жасауды қолдаймыз", - деді ведомство басшысы.
Жақында Лавров АҚШ-тың Сирияны тонап, мұнай кен орындарын бақылауына алу әрекеттері заңсыз екенін, бұл еш жақсылық әкелмейтінін айтқан еді.
Сириядағы жағдай
Сириядағы қарулы қақтығыс сегіз жылдан астам уақыт бойы жалғасып келеді. Елдегі жағдай қазан айында ушыға түсті. Сол кезде Түркия күрд жасақтарына қарсы бағытталған "Бейбітшілік бастауы" операциясының басталғаны туралы жариялады. Өз кезегінде, Вашингтон Анкараның әскери операциясына қатысудан бас тартып, әскерлердің шығарылатыны жайлы хабарлаған болатын.
Дегенмен көп ұзамай Дональд Трамп әскери қызметкерлердің бір бөлігі мұнайды "Ислам мемлекеті" содырларынан күзету үшін қалатынын айтты. Оның пікірінше, күрдтерге ақша керек болғандықтан олар мұнайлы өңірге келген.
Ал Пентагон өкілі Рэт Хоффманның мәліметінше, сириялық мұнайдан түскен табыс америкалықтарға емес, күрдтерге кетіп жатыр.
Мәскеу мен Анкара келісімдері
Анкара АҚШ-пен келісім бойынша Сирия шығысындағы әскери әрекеттерді уақытша тоқтатты. Бұл күрдтердің өз құрылымдарын шекарадағы 30 шақырымдық буферлік аймақтан алып кету үшін жасалып отыр.
Жиырма екінші қазанда Владимир Путин пен Режеп Тайып Эрдоған алты сағаттық келіссөз өткізіп, нәтижесінде он пунктен тұратын өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды.
Құжат Түркиямен шекарадағы Сирия жаққа ресейлік әскери полиция мен сириялық кеден қызметі бөлімшелерін кіргізуді қарастырады. Олар күрд жасақтарының шығарылуына, Сирия-Түркия шекарасынан 30 километр жерде олардың қарулануына және бірлесіп патрульдеуге көмектесуі тиіс.
Кейін Ресей қорғаныс министрлігінің басшысы Сергей Шойгу күрдтердің қауіпті аймақтан мерзімінен бұрын шығарылғанын айтты. Түркия-Ресей бақылау маршруттарында барлау үшін ұшулар мен минадан тазалау жұмыстары басталды.