14 мау, 2022 сағат 14:38

Сирия келіссөзі Қазақстанның беделін көтереді – министр

© Sputnik / Владислав Воднев

Нұр-Сұлтанда өтіп жатқан Сириядағы жағдайды реттеу бойынша Астана форматындағы кездесулер Қазақстанның келіссөз алаңы ретіндегі беделін арттырады. Бұл туралы Үкімет отырысынан кейін журналистер сауалына жауап берген вице-премьер – сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Журналистер Сирия бойынша келіссөз өткізу Қазақстанға не үшін қажеттігін, оның елімізге не пайдасы бар екенін сұрады.

"Мұның арқасында мемлекетіміздің беделі айтарлықтай жоғары болатыны сөзсіз. Сондықтан бір кездері Қазақстан БҰҰ Қауіпсіздік кеңесіне сайланды. Өйткені республика осындай медиаторлық мәселелермен айналысады", - деді сыртқы істер министрі.

Оның айтуынша, Астана процесіндегі кепіл елдер мен Сириядағы қақтығысқа қатысушы тараптар келіссөз алаңын ұсынып отырған Қазақстанға сенім артады.

"Астана процесі Женевадағы процеске қосымша ретінде қарастырылады. Женевада ауқымды конституциялық және саяси мәселелер талқыланады, ал Қазақстанда тұтқындармен алмасу, арнайы аймақтардағы соғыс қимылдарын тоқтату, дәліздерді ашу сынды мәселелер қарастырылады", - деп түсіндірді ведомство басшысы.

Еске салсақ, Сирия бойынша келіссөздер Қазақстан астанасында 2017 жылдың қаңтарынан бері өтіп келеді.

Бір жарым жыл ішінде Астанада Сирия үкіметі, БҰҰ және сириялық қарулы оппозиция өкілдерінің қатысуымен тоғыз кездесу өтті.

Ресей, Түркия және Иран Астана процесінің кепіл мемлекеттері рөлін атқарады. Ал Қазақстан келіссөз алаңын ұсынады.