11 жел, 2019 сағат 13:57

Сирия бойынша Астана процесінің кезекті 14-раунды аяқталды

Елордада Сирия бойынша Астана процесінің кезекті 14-раунды аяқталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың үздіксіз қолдауымен жүзеге асырылып келе жатқан Сирия бойынша Астана процесінің кезекті 14-раунды аяқталды. Соңғы 2 күн ішінде келіссөзге қатысушылар Сириядағы жағдайды одан ары тұрақтандыруға және ондағы гуманитарлық жағдайды жақсартуға бағытталған аса маңызды әрі мазмұнды келіссөздер өткізді», - деді келіссөздердің кезекті раундын қорытындылаған ҚР Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Шахрат Нұрышев.

Оның атап өтуінше, келіссөздердің бұл жолғы раунды Астана процесінің маңыздылығын тағы бір мәрте дәлелдеп, көптеген өзекті мәселелерде нақты нәтижелерге қол жеткізілді.

«Бүгінгі келіссөздердің барлық тараптары осынау нәтижеге үлес қосты», - деп атап өтті ол.

Осыдан кейін Шахрат Нұрышев кепілгер елдер Иран, Ресей, Түркияның бірлескен мәлімдемесін жария етті. Бірлескен мәлімдеме 14 тармақтан тұрады.