16 мау, 2022 сағат 17:09

Сирия бойынша Астана процесінің кепілгер елдері бірлескен мәлімдеме жасады


Сирия бойынша 18-ші халықаралық кездесудің қорытындысына орай Иран, Ресей және Түркия өкілдерінің бірлескен мәлімдемесінде айтылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Астана форматындағы кепіл елдер ретінде Иран Ислам Республикасының, Ресей Федерациясының және Түркия Республикасының өкілдері: Сирия Араб Республикасының егемендігіне, тәуелсіздігіне, бірлігіне және аумақтық тұтастығына, сондай-ақ БҰҰ Жарғысының мақсаттары мен қағидаттарына өздерінің мызғымас адалдықтарын қуаттады және бұл қағидаттарды жалпыға бірдей сақтау және құрметтеу қажет екенін баса айтты. Біз әлемдегі және аймақтағы жағдайдың дамуын қарастырып, Сирия дағдарысын тұрақты реттеуді қамтамасыз етудегі Астана процесінің жетекші рөлін атап өттік. Олар терроризмнің барлық нысандары мен көріністерімен күресу және Сирияның егемендігі мен аумақтық тұтастығына нұқсан келтіруге бағытталған және көршілес елдердің ұлттық қауіпсіздігіне қатер төндіретін сепаратистік жоспарларға қарсы тұру мақсатында ынтымақтастықты жалғастыруға бел байлайтындықтарын білдірді», делінген мәлімдемеде. 

Сонымен қатар кепілгер елдер Сирияның әртүрлі аймақтарындағы лаңкестік әрекеттің барлық түрін айыптады. ДАИШ, Джабхат ан-Нусра және «Әл-Каидамен» немесе ДАИШ-пен байланысты барлық басқа тұлғаларды, топтарды, кәсіпорындар мен ұйымдарды және БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі осындай деп таныған басқа да лаңкестік топтарды түпкілікті жою мақсатында одан әрі ынтымақтастық қажеттігін қуаттады. 

«Біз Идлиб деэскалация аймағындағы жағдайды егжей-тегжейлі қарастырдық және оның айналасындағы, оның ішінде гуманитарлық жағдайды тұрақты қалыпқа келтіру үшін одан әрі күш салуға келістік. Идлиб бойынша барлық қолданыстағы келісімдерді толық орындау арқылы «жердегі» тыныштықты сақтау қажеттігін атап өттік. Біз САР-дың солтүстік-шығысындағы жағдайды талқыладық және бұл аймақта тұрақты қауіпсіздік пен тұрақтылыққа қол жеткізу Сирияның егемендігі мен аумақтық тұтастығын сақтау негізінде ғана мүмкін болатынына келістік. Терроризмге қарсы күрес сылтауымен өзін-өзі басқарудың заңсыз бастамаларын қоса алғанда, «жерде» жаңа шындықтарды құру әрекеттерінің барлығын жоққа шығардық. Сирияның бірлігіне нұқсан келтіруге және көршілес елдердің ұлттық қауіпсіздігіне қатер төндіруге бағытталған Евфрат өзеніндегі сепаратистік жоспарларға қарсы тұруға бел байлағандарын білдірдік. Осыған байланысты сепаратистік топтардың Евфрат өзенінің шығысындағы бейбіт тұрғындарға қарсы соғыс қимылдарының күшеюіне және қудалаудың барлық түрлеріне қатысты елеулі алаңдаушылық білдірдік» - деп атап өтеді кепілгер елдер.