Қазақстан сыртқы істер министрлігі Ресей мемлекеттік думасының депутаты Павел Шперовтің Қазақстанның территориялық тұтастығы жөнінде айтқан сөздеріне қатысты Ресей сыртқы істер министрлігіне алаңдаушылығын білдірді, - деп хабарлады министрліктің баспасөз хатшысы Әнуар Жайнақов.
СІМ мәліметінше, кеше Қазақстан сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Мұхтар Тілеуберді Ресей сыртқы істер министрінің орынбасары - Статс-хатшы Григорий Карасинмен телефонмен сөйлесіп, екі жақты ынтымақтастық мәселелерін талқылаған. Тараптар аймақтық және халықаралық күн тәртібінде тұрған өзекті мәселелер бойынша пікір алмасқан.
Ресейлік ақпарат құралдары 27 қаңтарда Павел Шперовтің Мемлекеттік думада өткен "Шетелдердегі отандастар: өткен шақ пен қазіргі уақыт" деген тақырыптағы дөңгелек үстелде жақын шетелдердегі, оның ішінде Қазақстандағы орыстарды диаспора деп атауды "саяси қателік" деп атап, олар тұратын территорияның "Ресейдің уақытша тартып алынған жерлері" екенін айтқанын хабарлаған. Шперов "шекаралардың мәңгілік емесін" айтып, Ресей жақын болашақта өзінің "мемлекеттік шекарасына оралатынын" айтқан.
СІМ Ресей депутатының сөзінде оның Қазақстанның территориясына қатысты талап-шағымы бары байқалатынын, бірақ Ресей жағы Қазақстан сыртқы істер министрлігінің үндеуін байыпты қабылдағанын айтады.