24 мау, 2021 сағат 13:07

Шымкенттің әр екінші тұрғыны – тәуелсіздік тумасы


Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов орталық коммуникациялар қзметінде өткен баспасөз мәслихатында шаһардың 30 жылдағы басты жетістіктерін атады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Шымкент қаласының халық саны тоқсаныншы жылдары 400 мың болса, қазір 1 млн адамнан асты. Шымкенттің әр екінші тұрғыны – тәуелсіздік тумасы. 30 жыл бұрын қалада 69 мың оқушысы бар 72 мектеп болса, қазір 226 мың бала оқитын 186 мектеп бар. Қала бюджеті 1991 жылы 1 млрд теңге болатын. Бүгін 480 млрд теңгеден асты. Өмір сүру ұзақтығы 10 жылға өсті. 1991 жылы орташа жас 63 болатын. Қазір 71 жастан асты», - деді әкім.

Оның айтуынша, қаланың аумағымен бірге ішіндегі жолдардың ұзындығы да бірнеше есе артқан.

«Осыдан 30 жыл бұрын қалада 832 шақырым жол болса, бүгінде 4 есе өсіп, 3331 шақырымға жетті. Бұл жетістіктің барлығы да Шымкент қаласы тұрғындарының бірлігі мен іскерлігінің арқасында болып отыр», - деді Мұрат Әйтенов.