07 қар, 2017 сағат 14:02

Шымкенттіктер автобустардың қозғалысын смартфонның көмегімен бақылайды

Шымкентте қоғамдық көліктерді бақылауға арналған мобильді қосымша іске қосылады. Ендігі жерде қала халқы мен қонақтары өзіне қажетті қоғамдық көліктердің қай жерде келе жатқанын, қанша уақытта жететінін қолындағы смартфонның көмегімен біле алады. Бұл туралы қала әкімінің орынбасары Қайрат Нұртайдың қоғамдық көлік компанияларының басшыларымен кездесуінде мәлім болды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" ҚазАқпарат агенттігіне сілтеме жасап.

Жиында қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Қуатжан Жұматаев қоғамдық көлік мәселесі бойынша атқарылған жұмыстар жөнінде баяндама жасады. Оның айтуынша, бірқатар компанияларда қоғамдық көліктерді бақылап отыратын GPS орнатылмаған.  Аталған мәселеге жауапты компания басшылары бір апта ішінде олқылықтардың орнын толтыруға уәде берді.

«GPS барлық автобустарда орнатылуы керек. Біз ол арқылы әрбір қоғамдық көлікті бақылап отырамыз. Егер құрылғыңыз істемей қалса жұмысыңыз көрінбей қалады. Сондықтан бұл мәселені ертерек түзету керек. Бұзылғандарын жөндеп, жаңасын сатып алуға бір апта уақыт беріледі», - деді Қайрат Нұртай.

Сондай-ақ, жиын барысында қоғамдық көліктердегі билет бермеу, жүргізушілердің жол ережесін бұзуы, аялдамаға тоқтамау, кондукторлардың айқайлауы секілді мәселелер де талқыланды. Көлік компаниялары тарапынан жіберілген кемшіліктер сөз болды. Кездесу соңында қала әкімінің орынбасары компания басшыларына бірқатар міндеттер жүктеп, нақты тапсырмалар берді.