17 там, 2021 сағат 15:19

Шымкенттегі мектептерге босқындар орналастырылады деген ақпарат жалған - әкімдік


Әлеуметтік желілерге Шымкенттегі мектептердің біріне босқындар орналастырылады деген ақпарат тараған болатын. Алайда бұл ақпаратты қалалық әкімдіктің баспасөз қызметі жоққа шығарды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Қалалық әкімдіктің баспасөз хатшысы Бекен Қоныстың айтуынша, мектептердің бірінде жаңа оқу жылына дайындық жұмыстары жүргізілген. 

«Ауғанстан босқындарын қабылдайды деген ақпарат шындыққа сәйкес келмейді. Тоғыс тұрғын алабындағы N120 мектепте жаңа оқу жылына байланысты жоспарлы жұмыстар атқарылуда», дейді ол.

Жексенбіде "Талибан" (Қазақстанда, тағы бірқатар елде террорлық ұйым деп танылған) Ауғанстан астанасы Кабулды соғыссыз басып алып, президент сарайына кірді. Ауғанстан президенті Ашраф Ғани елді тастап кетті. Қазір тәліптер елге бақылау орнатқан.

16 тамызда жүздеген адам елден кету үшін әуежай қоршауын бұзып кіріп, ұшаққа мінуге тырысты.

Биыл АҚШ 20 жылдан соң Ауғанстандағы әскерін әкете бастаған. Осыдан соң "Талибан" содырлары басқыншылығын күшейтіп, елді бірнеше айдың ішінде басып алды. Вашингтон АҚШ әскеріне көмектескен 9 мыңдай ауғанды елден шығаруды жоспарлайды.

АҚШ тәліптер америкалық әскерилерге көмек көрсеткен ауғандарға кек қайтарады деп қауіптенеді. Вашингтон өз әскеріне көмектескен ауғандарды уақытша орналастыру үшін Орталық Азия елдеріне қайырылғаны хабарланған.

Шариғат заңдарына сүйенетін тәліптер ұрлық жасағандардың қолын кесіп, адам өлтірді деп күдікке ілінгендерді, жұбайының көзіне шөп салды деп айыпталғандарды ешқандай сотсыз жұрттың көзінше өлім жазасына кеседі. Бұдан бөлек, ер адамдарды сақал өсіруге, әйелдерді бурка киюге міндеттейді.

"Талибан" теледидар көруді, музыка тыңдауды, кинотеатрларға баруға тыйым салып, 10 жастан асқан қыздардың мектепке баруына шектеу қояды.