15 мау, 2017 сағат 11:57

Шымкенттегі Қошқар ата өзенінің бастауында жаңа шағынаудан салынады

Қошқар ата өзені маңайындағы ескі үйлерді бұзып, осы ауданды көркейтуге қатысты "Жаңарту" бағдарламасы қабылданған. Құрылыс 2018 жылы басталмақ.

Жаңартылуы тиіс ауданның жалпы көлемі – 29 гектар.

Енді Қошқар ата өзенінің оң жағалауындағы 460 нысан сүрілмек. Соның ішінде 420 жекеменшік үй бар. Сәулетшілердің жоспарынша, бұл нысандар сүрілген соң орнына 9 және 12 қабатты 61 үй, балабақша салынады. Ал мұндағы мектеп кеңейтіліп, танымастай өзгереді дейді жауаптылар. Коммерциялық нысандар да салынбақ, дегенмен, олар халыққа қатты кедергі келтірмеуі тиіс. Олар әдеттегі тыныш шағынаудандардағы секілді нысандар болмақ.

Ал үйлерді мемлекет мұқтажына алу мәселесі біртіндеп шешілмек. Бұл тұста бірнеше жол қарастырылған. Мысалы, бірінші жоспар бойынша тұрғындарды уақытша үйлерге көшіріп, құрылыс аяқталған соң бұрынғы үйлерінің ауданымен тең болатын пәтер беріледі. Ал өзге жоспар бойынша тұрғындардың үйлері бағаланып, сатып алынбақ. Енді бұл екі жолды тұрғындардың өздері таңдайды.

Бұған қоса қазіргі таңда Қошқар ата өзенінің бастауынан Ордабасы алаңына дейінгі сағасын кеңейту жобасы талқылануда. Ол жүзеге асқан соң өзен танымастай өзгереді дейді жауаптылар. Олар өзен жағасында өсіп тұрған ағаштарды толық сақтап қаламыз деп сендіреді.