22 ақп, 2023 сағат 09:49

Шымкенттегі атыс: күдіктіні ұстаған полицейге сыйақы берілді

Фото: Otyrar.kz

Шымкентте атыс шығарған күдіктіні дереу әрекет етіп ұстаған полицей Арман Әріпжановқа ерлігі үшін жалақысының екі еселенген көлемінде сыйақы берілді, - деп хабарлайды Massaget.kz порталы "Отырар" сайтына сілтеме жасап. 

Атыс кезінде Арман оқиға орнына жақын жерде жұмыста болған. Полиция капитаны көшеде атыс дауысын естіп, күдіктінің назарын аударып, оны ұстап алған. Тәртіп сақшыларының сөзінше, қаруланған күдікті Арманды атып жібермек болған.   

"Ол уақытта әріптесіммен жұмыста бейнебақылау камерасын қарап, ұрлау деректерін зерттеп жатқанбыз. Атысты естіп, бірден көшеге шықтым, студенттер көп жүрді, оларға қашу керегін айттым. Артынша, күдіктінің артынан жүріп, сол сәтті пайдаланып, патруль көлігінің қасында ұстап алдым. Сол кезде ол мені атып жібермек болды. Қорыққан жоқпын, өз жұмысымды істедім ғой. Бастысы, күдіктінің қаруын тартып алу керек болды", - дейді Арман Әріпжанов.