Шымкент қаласында коронавирус жұқтырған үшінші адамның отбасында тұсаукесер және құдалық болған. Осы тойда болған тоғыз адамнан 2 сәуірде коронавирус анықталды. Оның сегізі – Шымкент қаласында, біреуі – Түркістан облысы Сайрам ауданында. Бұл туралы Азаттыққа Шымкент қалалық тауарлар мен көрсетілген қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы Әбдіманап Төлебаев айтты, деп хабарлайды Азаттық.
Шымкентте үшінші адамнан вирус 1 сәуірде табылған. Қазір той болған үй вирус ошағына айналған. Коронавирус жұқтырғандармен байланыста болған жүзден астам карантинде.
3 сәуірдегі мәлімет бойынша, Шымкентте короновирус жұқтырғандар саны 11 адамға жетті. 4 сәуірде Шымкент толық карантинге жабылатыны хабарланды. Наурыздың соңында Шымкентте 24 жастағы ер адамнан вирус табылған. Ол қалаға Нұр-Сұлтаннан автобуспен келген. Кейін оның шешесіне де вирус жұққан.
Қазақстанда жалпы 453 адамнан вирус табылды. 29 адам дерттен айықты. 3 адам қайтыс болды.