15 қар, 2016 сағат 11:45

Шымкентте сөйлейтін бағдаршамдар пайда болмақ

Біздің елімізде мүмкіндігі шектеулі жандарға мүмкіндігінше жағдайлар жасалып жатыр. Қазір барлық қоғамдық орындарда ғимаратқа қоларбамен еркін кіре алатындай пандустар орна­тылған. «Инвотаксилер» жұмысы жолға қойылып келеді.

Енді осындай жақсылық­тардың қатарында зағип жандар үшін «сөйлейтін бағдаршамдар» қызмет көрсетпек.

Шымкент қалалық жолаушылар көлігі және автомо­биль жол­дары бөлімнің басшысы Қ.Жұматаев жаңа бағдаршамдардың жанған түсі мен көше атын қазақ және орыс тілдерінде хабарлап тұратындығын айтады. Бұрын орталықтағы кейбір бағдаршамдар дыңылдап дыбыстық белгі беріп тұратын. Бірақ, бұл зағип жандарды қауіп­тен құтқаруға көмектесе алмайтын еді.

Жыл соңына дейін Шымкент қаласындағы 20 көше қиылысына осындай құрылғы орнатылады. Қазір оның 12-сі жұмыс істеп тұр. Ал қалғандары желтоқсан айына дейін іске қосылады.

Әрине, бұл оңтүстік тұрғын­дары үшін жаңалық болғанымен, өркениетті елдер үшін таңсық дүние емес. Мәселен, Германияда автобустардың жүру кестесі аялдамада жазылған. Көрсетілген минутта көлік аялдамада тұрады. Ал мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін автобус есігінен қосымша табалдырық автоматты түрде түсіріледі. Ішке енген соң сақтандыратын белдігі бар арнаулы орын дайын. Қай ғимаратқа барсаңыз да жағдай жасалған. «Жақсыны көрмекке» дегендей, әлемнің адамзат қажетіне орайластырылған жаңа технологиясы өңірлерге де дәнін осылайша себе бастады.

Бақтияр ТАЙЖАН,

«Егемен Қазақстан»

Оңтүстік Қазақстан облысы