Шымкент қаласындағы кардиологиялық орталықта пневмонияға шалдығып, денсаулығы күрт төмендеген науқастарды экстракорпоральді мембраналы оксигенациялық (ЭКМО) аппаратына қосып емдеп жатыр. Мамандар бұл құрылғыны ИВЛ аппаратына қосымша көмек ретінде пайдалануда, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Қалалық кардиологиялық орталық жанынан ашылған ЭКМО орталығына шаһардың өзге ауруханаларынан денсаулығы нашарлаған науқастар жеткізілуде. Дәрігерлер науқастарды осы тәсілмен емдеуде.
«ЭКМО аппараты – өкпе қабынып жұмысы қатты нашарлаған кезде қанды оттегімен қамтамасыз етеді. Яғни, адамның күре тамырларынан арнайы түтікшелер арқылы аппаратқа қосып, ЭКМО-ға құйылған қанға қажетті деңгейде оттегі беріледі. Сосын қайта адам ағзасына жіберіледі. Осының арқасында қан айналымы жақсарады. Аталған құрылғы науқасқа дер кезінде көмек көрсетуге мүмкіндік береді», - дейді Шымкент қалалық кардиологиялық орталықтың директоры Ермағанбет Қуатбаев.
Күні бүгінге дейін бұл аппаратқа 5 науқас қосылып, оның бірінің денсаулығы жақсарған. Мамандар алдағы аптада сауыққан науқастарды үйлеріне қайтаруды жоспарлап отыр. Пневмонияның ел арасында кеңінен таралуына орай ЭКМО орталығында 35 төсек-орын дайындалған. Шымкенттік кардиологтар өзге облыстардағы әріптестерінің де ЭКМО аппаратын осы бір індетке қарсы күресте қолдануын кеңес береді. Бірақ ЭКМО-ны адам ағзасына қосу үшін кардиохирург, анестезиолог-реаниматолог, перфузиолог сынды мамандар командасы қажет. Десе де, жұмыстың 80 пайыз ауыртпашылығы медбикелердің мойнында болатын көрінеді.
Айта кетейік, жүйелі жұмыстың арқасында күні бүгінге дейін қалалық кардиологиялық орталықтың бірде-бір қызметкері жаман індетті жұқтырмаған.