10 қаң, 2022 сағат 12:23

Шымкентте коменданттық сағатты бұзған 33 тұрғын жауапкершілікке тартылды


Шымкентте коменданттық сағатты бұзған 33 құқық бұзушы әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Оның ішінде 25 құқық бұзушы қамауға алынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Қалада қылмыскерлерді анықтау мақсатында экстремизм және көші-қон желісі бойынша жедел-іздестіру іс-шаралары жүргізілуде. Блок бекеттерде 7000-нан астам автокөлік тексерілген. Нәтижесінде жаппай тәртіпсіздікке қатысты деген күдікпен 8 азамат ұсталды.

«Күдіктілерден 6 патроны бар 16-мм калибрлі тұмсығы кесілген қару, 5 жауынгерлік патроны бар 9-мм жауынгерлік калибрге қайта жасалған 1 травматикалық тапанша, 7,62-мм калибрлі 67 жауынгерлік патрон және 5,45-мм калибрлі 3 жауынгерлік патрон тәркіленді. Сондай-ақ, тәртіпсіздіктер кезінде Алматы облысының «Апорт« Сауда орталығынан ұрланған 23 дана «Айфон 11-ПРО« және 3 дана «Самсунг А-25« маркалы жаңа ұялы телефондар тәркіленді. Барлық қозғалған қылмыстық істер бойынша жаппай тәртіпсіздіктердің 52 қатысушысы уақытша ұстау изоляторына қамалды», - деді Шымкент қаласы полиция департаментінің бастығы, генерал майор Ералы Жұмаханбетов.

Қалада жаппай тәртіпсіздік орын алғаннан бері полицияға 2716 адам жеткізілген. 177 азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылса, олардың 175-і 15 тәулікке қамалып, 2 адамға айыппұл салынған.

Қазіргі таңда Шымкент қаласында жағдай тұрақты. Қаланың тыныс-тіршілігін қалпына келтіру мақсатында полицияның қарулы күзетінің сүйемелдеуімен «Халық», «Жусан», «Каспи» банктерінің банкоматтары толтырылуда.

Полиция департаментінің әскери бөлімдері Төтенше жағдайлар жөніндегі департаменттің күштерімен бірлесіп күшейтілген режимде жұмыс істеуде. Қала шекарасында бұғаттау бекеттері қойылып, коменданттық сағат орнатылды. Стратегиялық нысандарды күзету күшейтілген.