
Шымкентте «Көк тудың желбірегені» атты патриоттық акция қорытындыланды. Әлеуметтік желілерде қолдау тапқан шараны белгілі қоғам белсендісі, журналист Бейсенкүл Нарымбетова басшылық еткен «Серпіліс» қоғамдық бірлестігі ұйымдастырған болатын, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Осымен екінші жыл ұйымдастырылып келе жатқан акция қала тұрғындарының мемлекеттік рәміз арқылы патриоттық сезімін асқақтатып, жұртшылық арасында үлкен қолдауға ие болды. Биыл акцияның ауқымы кеңейіп, Қарағанды, Павлодар, Тараз, Қызылорда секілді еліміздің өзге өңір тұрғындары Көк байрақпен суретке түсіп, акцияға үн қосты, әлеуметтік желілерде челлендж ұйымдастырды.
Акцияның қорытындысына орай Шымкент қаласындағы Жастар ресурстық орталығында «Тәуелсіздікпен диалог» марапаттау рәсімі өтті. Аталған шарада сөз алған қалалық Ішкі саясат және Жастар істері жөніндегі басқарманың басшысы Жанар Бектаева баршаны Тәуелсіздік мерекесімен құттықтап, ізгі тілегін жолдады. Ал, акцияға қатысушыларға Мемлекеттік туымыз тарту етілді. Көк туды сыйға алған алғашқы ұжымның бірі - Шымкент қаласы Ішкі саясат және Жастар істері жөніндегі басқармасы «Рухани жаңғыру» бөлімі болды. Ұжым «Көк тудың желбірегені» акциясын «Ұлттық үрдісте киінейік» челленджімен үндестірді. Шара барысында Бақтияр Тайжан, Әсет Әссанди, Абай Қалшабек, Ербол Дайрашев бастаған аға буын өкілдері жастарға Туды табыстады. Жастар сыйға алған көк байрақты бүгін қаламыздағы көпқабатты үйлердің қасбетіне ілетін болды.

