09 шіл, 2020 сағат 15:52

Шымкентте қоғамдық көліктерді залалсыздандыру жұмыстары күшейтілді

5 шілдеден бастап Шымкент қаласында қоғамдық көліктің 20 пайызы ғана жұмыс істеуде. Олардың қатарында «ЯНС» ЖШС, «ЯНС-2» ЖШС, «Экспресс» ЖШС, №4 автокомбинат бар, деп хабарлайды ҚР Кәсіподақтар федерациясы сайты.

Қоғамдық көліктердің қысқартылуының басты себептерінің бірі – санитарлық-эпидемиологиялық талаптардың сақталмауы болып отыр. Осы орайда, Шымкент қаласының Автомобиль көлігі және жол кәсіпорындарының жергілікті кәсіподағы қоғамдық көліктер мен автобус тұрақтарында залалсыздандыру жұмыстарының жүргізілуін бақылауға алды.

Бүгінде Шымкент қаласының бас дәрігерінің №25 қаулысына сәйкес, карантиндік режимнің күшейтілгені мәлім. Сондықтан да, дезинфекция жұмыстары тұрақты түрде жүргізілуде. Сондай-ақ, жолаушылардың бетпердемен кіруі және қоғамдық көліктердің ішінде арақашықтықтың сақталуы қатаң бақылауға алынған.