02 нау, 2022 сағат 19:34

Шымкентте кәмелетке толмаған қыздарды жезөкшелікке тартқан жеңгетайлар ұсталды


Шымкентте кәмелет жасқа толмаған қыздарды жезөкшелікке тартқан жеңгетайлар ұсталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Стоп-трафик» жедел-профилактикалық іс-шарасын өткізу барысында қаладағы жалдамалы пәтерлердің бірінен жезөкшелікпен айналысатын жеңіл жүрісті әйелдер анықталды. Олар Семей, Қарағанды, Тараз, Атырау және Шымкент қалаларының тұрғындары болып шықты.

«Қызылорда облысынан келген үш әйел жеңіл жүрісті әйелдерге қамқорлық жасап, жезөкшелікпен айналысу үшін жалдамалы пәтерлер тауып беріп отырған. Сондай-ақ, бұл іске Қазақстанның басқа да азаматтарын, оның ішінде Шымкент қаласының кәмелет жасқа толмаған екі азаматшасын қатыстырғаны анықталды», - делінген қалалық Полиция департаменті таратқан хабарламады.

Қазіргі таңда үш әйел қамауға алынды. Аталған жайт ҚР ҚК-нің 308-бабы «Жезөкшелікпен айналысуға тарту» және 309-бабы «Жезөкшелікпен айналысуға арналған притондар ұйымдастыру немесе оларды ұстау және жеңгетайлық» бойынша тіркеліп, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.