11 нау, 2024 сағат 13:06

Шымкентте гүл ұрлап аты шыққан экс-полицейдің басы тағы да дауға қалды


Әлеуметтік желіде Шымкенттегі дәмханалардың бірінде әйелдің телефонын тартып алып, қайтарудан бас тартқан ер адамның видеосы тарады. Телефонын мас ер адамнан ала алмайтынын түсінген әйел жанындағылардан көмек сұрайды. Сөз арасында сыра ішіп отырған ер адамның былтыр 8 мамырда гүл сататын дүкеннен гүл ұрлаған экс-полицей екені белгілі болды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Stan.kz ақпарат агенттігіне сілтеме жасап. 

Видеодан әйелдің ер адамнан әлде нені ала алмай жатқанын байқауға болады. “Тұр, менің телефонымды бер. Телефонымды әкел, хабарлама келіп жатыр” дейді әйел. Еркекке күші жетпейтінін түсінген ол басқа үстелде отырғандардан көмек сұрайды. 

"Мына кісі айтып жатыр ме едіңдер? Ішкеніне төлеп алсын. Менің телефонымды кепілге тастамақшы. Жақсылап телефонға түсірші. Сол гүлге ақша төлей алмайтын жігіт қой", – дейді әйел.


Ер адамдардың әйелге араша түсіп, телефонын қайтарып беруін талап еткеніне қарамастан, ол өзінде ешқандай телефон жоқ екенін айтып, жанына ешкімді жолатпай қойды. Көмекке келгендердің бірі ер адамның қолдандағы телефонды алып беріп еді, әйел бұл өзінің телефоны емес екенін, оны ер адам жасырып отырғанын айтты. 

"Менің телефоным, соны ала сал. Саған сыйладым. Менде телефон жоқ, көлікте", – дейді ер адам.


Видеодан әйелдің телефонын қайтарып беруге көмектескендердің бірі міз бақпай сыра ішіп отырған ер адамның жағасынан алып жатқанын көруге болады. Болған жағдайдың немен аяқталғаны белгісіз. Шымкент қаласының полиция департаменті тілшінің оқиғаға қатысты түсініктеме беруі туралы сұрауын әзірге жауапсыз қалдырды.

Еске сала кетейік, өткен жылдың 8 мамырында ер адам флористі қорлап, дүкеннен гүл шоғын алып кеткен.

Тұран АПБ-ның 102 арнасына қоңырау түскен. Алайда дүкен иесі мән-жайды нақтылау барысында учаскелік инспекторларға ешкімге шағымы жоқтығын айтып, арыз жазудан бас тартқан.

Бұл жайтқа қатысты Тұран АПБ-да ҚР ҚК-нің 191-бабы 2-бөлігі 1-тармағымен "Жәбiрленушiнiң өмiрiне н/е денсаулығына қауiптi емес күш қолданып тонау" сотқа дейінгі тергеу басталды.

Сондай-ақ істің ақ-қарасын ажырату кезінде қара футболка киген азамат ағымдағы жылдың 19 мамырында отбасылық себептерге байланысты өз өтінішімен ішкі істер органдарынан босатылған Қаратау АПБ-ның бұрынғы қызметкері екені анықталды.