05 қаз, 2017 сағат 13:09

Шымкентте «Еркіндігім-Елдігім» республикалық əн байқауы өтуде

Шымкентте белгілі сазгер Исраил Сапарбай әндерінен "Еркіндігім-Елдігім" республикалық əн байқауы өтуде. Оған еліміздің Алматы, Қызылорда, Атырау, Шығыс Қазақстан облыстарынан және Оңтүстік Қазақстан облысының аудан, қалаларынан 45 үміткер қатысып отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласындағы «Туған жер» бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында ақын-сазгер, драматург Исраил Сапарбайдың 75 жасқа толу мерейтойына арналған «Еркіндігім - елдігім» республикалық ән байқауы өткізіліп жатыр.

Айтулы шараны өткізуге Мәдениет және спорт министрлігі мен облыс әкімдігі және облыстық мәдениет  басқармасы мұрындық болды. Сазгердің шығармашылығын кеңінен насихаттау мен дәріптеу, сондай-ақ оның әндері арқылы елдің рухын биіктету мақсатында ұйымдастырылған байқауға қатысуға республиканың бірнеше облыстарынан жас әншілер келді. 


Қазақ эстрадасының дарын иелерін анықтау және олардың орындау шеберліктерін арттыра отырып, жеке шығармашыл тұлғалардың қалыптасуына ықпал ету бағытында өтіп жатған өнер сайысында 45 үміткер өтініш білдіріп, 18 үміткер екінші кезеңге жолдама алды.

Үш кезеңнен тұратын байқаудың шарттары мен талаптарына сәйкес, 18-35 жас аралығындағы жеке әншілер немесе топтық қатысушылар өз таңдауы бойынша азаматтық-патриоттық, балалар әндері, махаббат лирикасы, романс сынды түрлі жанрдағы тек автордың өз әндерін фольклорлық немесе эстрадалық бағытта табиғи дауыста орындауы тиіс.

Олардың өнері мен орындаушылық қабілетін композитор, ҚР еңбек сіңірген қайраткері,  «Құрмет» және «Парасат» ордендерінің иегері Кеңес Дүйсекеев және әнші, ҚР еңбек сіңірген артисі Сембек Жұмағалиев сынды өнер майталмандары қазылық етуде.  Жеңімпаздар 6 қазан күні Шымкент қаласындағы «Түркістан» сарайында өтетін гала-концертте марапатталады деп жоспарланып отыр.

Гала-концертте сонымен қатар Сембек Жұмағалиев, Әбиірбек Тіналиев және Шахизада сынды қазақ эстрадасының әншілері өнер көрсетеді деп күтілуде. Айта кетейік, Исраил Сапарбай 160-тан аса әндер мен 150-ге тарта ән мәтіндерінің авторы. Тәуелсіз «Платиналы Тарлан» сыйлығының және мемлекеттік «Парасат» орденінің иегері, Оңтүстік Қазақстан облысының, Шымкент қаласының Құрметті азаматы.