26 нау, 2026 сағат 12:37

Шымкентте бір күнде екі ірі халықаралық шахмат турнирі басталды

Фото: KazChess

Шымкент қаласында бір уақытта екі ірі халықаралық шахмат турнирі – Қазақстан Республикасы Балалар кубогының бірінші кезеңі «Д.Ә. Қонаев-2026 мемориалы» және KazChess Masters Nauryz 2026 жарысы басталды, деп хабарлайды Ult.kz.

Балалар кубогының алғашқы кезеңі рекордтық көрсеткішке жетіп, 409 жас шахматшыны жинады. Бұл жоспарланған 350 қатысушыдан әлдеқайда көп. Турнирге Қазақстанмен қатар Қырғызстан, Ресей, Тәжікстан, Түрікменстан және Өзбекстаннан келген жас ойыншылар қатысуда. Жарыс 14 жасқа дейінгі және 10 жасқа дейінгі санаттар бойынша өтіп, швейцар жүйесімен 9 турға жоспарланған. Жалпы жүлде қоры – 4 миллион теңге.

Фото: KazChess

Аталған турнир жас таланттарды анықтайтын негізгі алаңдардың бірі саналады. Өткен жылы қазақстандық жасөспірімдер әлемдік деңгейде жоғары нәтиже көрсетіп, бірнеше жас санатында алтын жүлде жеңіп алған болатын.

Сонымен қатар қалада ересектер арасында өтетін KazChess Masters Nauryz 2026 турнирі де қатар басталды. Бұл жарыста 10 шахматшы айналмалы жүйе бойынша бақ сынайды. Олардың қатарында бес қазақстандық жас талант пен рейтингі 2600-ден асатын бес шетелдік гроссмейстер бар. Турнирдің жүлде қоры 25 миллион теңгені құрайды, ал жеңімпаз 7 миллион теңгеге ие болады.

Фото: KazChess

Қазақстан шахмат федерациясының бірінші вице-президенті Дәрмен Сәдуақасов бұл жарыстардың маңызын атап өтіп, олардың жас ойыншыларға әлемдік деңгейде тәжірибе жинауға мүмкіндік беретінін айтты.

Айта кетейік, KazChess Masters турнирі қазақстандық шахматшылар үшін гроссмейстерлік норманы орындауға жол ашады. Ал балалар кубогы болашақ чемпиондарды анықтаудың маңызды кезеңі саналады.

Осылайша, Наурыз мерекесі күндері Шымкент халықаралық шахмат орталығына айналып, әлемдік деңгейдегі ойыншылар мен жас таланттарды бір алаңда тоғыстырды.

Фото: KazChess