26 нау, 2026 сағат 11:07

Дастан Сәтпаев әлемдік TOP-50 вундеркинд футболшылардың тізіміне енді

Фото: ашық дереккөз

Қазақстандық шабуылшы әлем футболындағы ең үздік 50 жас таланттың қатарына енді, деп хабарлайды Ult.kz.

Атап айтқанда, алматылық «Қайрат» клубының ойыншысы Дастан Сәтпаев NXGN 2026 рейтингінде 43-сатыға орналасты. Мақала авторының пікірінше, Қазақстаннан шыққан атақты футболшылар бірден еске түсе бермегенімен, Сәтпаев бұл түсінікті өзгертуге жақын. Ол әлем жанкүйерлеріне өз елінен де жарқын жұлдыз шығатынын дәлелдеп келеді.

17 жастағы шабуылшы «Қайрат» сапында көзге түсіп, ағылшынның «Челси» клубының назарын аударған. Клуб оны жазда «Стэмфорд Бриджге» ауыстыру үшін шамамен 4 миллион еуроға келісім жасағаны айтылады.

Сондай-ақ басылым Сәтпаевтың Чемпиондар лигасында гол соққан ең жас футболшылардың бірі екенін атап өтеді. Бұл көрсеткіш бойынша оны тек Ансу Фати мен Ламин Ямаль ғана басып озған. Бұдан бөлек, ол Қазақстан ұлттық құрамасы тарихындағы ең жас дебютант әрі гол авторы саналады.

Еске салайық, Goal нұсқасы бойынша әлемнің үздік жас футболшыларының алғашқы үштігіне «Барселона» ойыншысы Ламин Ямаль, «Челси» клубының өкілі Эстеван және каталондық клуб қорғаушысы Пау Кубарси кірген.

Басылым Сәтпаевтың ойын стиліне де тоқталып, оны шабуылды аяқтау шеберлігі тұрғысынан Серхио Агуэроға ұқсататынын жазады. 2025 жылғы Қазақстан чемпионатында ол 14 гол соғып, 7 нәтижелі пас берген. Енді оның BlueCo жүйесіне өткеннен кейін жаңа деңгейге қалай бейімделетіні қызығушылық тудырып отыр.