Шымкентте арнайы операция өтті: Полиция «Гарант» дүкеніндегі ұялы телефон сатушыларды ұстап әкетті. Арнайы жасақ Тәуке хан даңғылы мен Байтұрсынұлы көшесінің қиылысындағы жолдар мен жаяу жүргінші жолын қоршауға алды, - деп хабарлайды Otyrar.kz.
"Шымкенттегі Тәуке хан және Байтұрсынов көшесінің қиылысындағы «Гарант» дүкенінің маңы - ұялы телефон сататын орталық іспетті. Мұнда бұрын қолданыста болған ұялы телефон саудалайтындар қаптап жүреді. Өзге ағым өкілдері қалағаныңызды тауып беруге әзір. Қымбат бағалы ұялы телефондарды қалтаға қонымды бағаға сатып аласыз. Тіпті, арасында ұрланған байланыс құралдарының сатылуы да ғажап емес.
Қалалық әкімдік пен тәртіп сақшылары аталған орында бірнеше рет «тазалық жұмыстарын» жүргізген. Алайда «қуғынға» ұшырағандар «Мега» сауда орталығы маңына қарай жылыстап, қайтадан бұрынғы орындарын «басып алатын». Дәл осы дүкеннің алдындағы автотұрақты да әзір ретке келтірген-тін жауаптылар. Екі көшенің қиылысы болғандықтан аталған автотұрақ көлік кептелісінің орын алуына себепші еді" делінген жергілікті басылым жазбасында.
Тәртіп сақшылары заңсыз сауда орынына айналдырғандардың барлығын ұстап әкеткен. Полиция мен арнайы жасақ әскерлері көшені, жолаяқтарды жауып тастап, бір сәтте саудагерлерді көлікке тоғытып үлгерген. Ресми органдар тарапынан әзірге ешқандай мәлімет жоқ.