Ауа райының қолайсыздығына байланысты Шымкенттің жүздеген тұрғыны жарықсыз қалды. Электр қуаты 23 бағыт бойынша ажыратылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Қазіргі уақытта қала бойынша 16 авариялық бригада, 11 арнайы техника жұмыс істеуде.
- «Оңтүстік Жарық» мекемесінің апаттық бригадалары ақауларды жою жұмыстарын жүргізуде. Олардың барлығы күшейтілген режимге көшіріліп, үздіксіз жұмыс жүргізуде. Ақаулар жойылысымен абоненттерге электр энергиясы берілетін болады – дейді Шымкент қаласы ТЖД қоғаммен байланыс тобының бас маманы Зарипа Тұрысбекова.
Ал, жолдардың жағдайына жауап беретін коммуналдық қызметтер де күшейтілген жұмыс режиміне көшірілген. Қар тазалау жұмыстарына барлығы 95-ке жуық техника мен 500-ге жуық жұмысшы жұмылдырылды.
Ал, «Оңтүстік жолдары» МКК кезекші операторының хабарлауынша, бүгін таңертеңнен бері «Қорғас-Алматы-Тараз-Шымкент-Ташкент» республикалық маңызы бар автожолдарында қозғалыс жабылды. Метеорологиялық жағдайлардың нашарлауына байланысты (нөлдік көру, боран, бұрқасын, көктайғақ) барлық автокөлік түрлері үшін 593 км-ден 654 км-ге дейін, Жамбыл облысының шекарасынан Түркістан облысының Машат ауылына дейін автокөліктердің қозғалысы тоқтатылды.