24 мау, 2021 сағат 13:58

Шымкент әкімі мәжбүрлеп вакциналауға қатысты пікір білдірді


Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов халықты вакциналау туралы онлайн жиында мектеп директорларын «қамшылау» туралы тапсырма берген орынбасарының әрекетіне пікір білдірді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Біріншіден, ол маман жауапқа тартылатындай заңды бұзған жоқ. Ол – менің бірінші орынбасарым. Бұл туралы бәріміз білеміз. Оқиға бұқаралық ақпарат құралдарына жақсы таралды. Екіншіден, қазақтың «қамшы» деген сөзі әртүрлі мағынаны білдіреді. Ол тек қамшымен ұру деген сөз емес. Қамшылау деген бақылауға алып, тікелей тапсырма беру деген мағына да береді. Мен орынбасарымды шақырып, бұл мәселе туралы сөйлестім. «Қамшылау» дегенді қандай оймен айтқанын сұрады. Ол бақылауға алу мағынасында қолданғанын түсіндірді», - деді әкім орталық коммункациялар қызметінде.

Мұрат Әйтенов қазір қалада вакцинация қарқынды жүріп жатқанын атап, қалаға жеткен алғашқы вакцинаны өзіне салғызғанын еске алды.

«Қазір жағдайды білесіз. Вакцина бәріне міндетті емес, бірақ вакина алуға шақыру – әкімшіліктің жауапкершілігі. Ертең азаматтар ауырып, басқа да қиын жағдайға ұшырап жатса, өкініш болады. Сол себепті қала тұрғындарына әлі де түсіндіріп жатырмыз. Вакцинадан қорқудың қажеті жоқ. Оның ағзаға ешқандай зияны жоқ. Шымкентке бірінші вакцина 1 ақпанда жеткізілген. Сол кезде өзім бірінші болып вакцина алғанмын. Қазір, құдайға шүкір денсаулығым бірқалыпты», - деді шаһар басшысы.

Әкімнің айтуынша, қазір вакцина алуға мүмкіндігі бар шымкенттіктердің 44 пайызы екпе қабылдаған.