Шығыс Қазақстан облысындағы емханаларға қытайлық Sinopharm компаниясының Vero Cell вакцинасы жеткізілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
ШҚО ақпарат орталығының мәліметіне сүйенсек, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы аталмыш вакцинаны осы жылдың мамыр айында төтенше жағдайда қолданылатын екпелер тізіміне енгізген.
Екі компонентті вакцинаның тиімділігі - 79 пайыз.
«Клиникалық зерттеулер елеулі жанама әсерлер көрсеткен жоқ. Онда да COVID-19 екпелеріне тән стандартты реакциялар бар, атап айтқанда инъекция орнындағы ауырсыну, тұмау және әлсіздік», - делінген хабарламада.
Sinopharm компаниясының вакцинасы қазақстандықтарға қолжетімді. Бұл - елімізде тіркелген алтыншы вакцина.
Бүгінде Шығыс Қазақстанға Vero Cell препаратының 298 мың дозасы жеткізілген.
«Вакцина облыстың барлық емханаларына келіп түсті. Оның ішінде Өскеменге 50 мың доза жеткізілді. Жалпы, облыста қазіргі таңда вакцинаның үш түрі бар, олар – «Спутник V», QazVac, Sinopharm», - делінген мәліметте.