11 қар, 2016 сағат 14:08

Шығыс Қазақстандағы күре жолдарда құтқару қосындары пайда болды

Шығыс Қазақстанның апат көп болатын қауіпті жолдарында төрт  медициналық-әлеуметтік қосындар (ТМӘП) ашылды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Апаттар медициналық орталығы  филиалына сілтеме жасай отырып.  

Әрбір пунктте тәулік бойғы режімде 5  маман: дәрігер, фельдшер, диспетчер, құтқарушы және жүргізуші-құтқарушы жұмыс жасайтын болады. Бірінші пункт «Өскемен-Семей» жолында Ұлан ауданының Привольное кентіне жақын, 84 км-де орналасқан.  Екінші пункт «Алматы-Семей» күре жолында Жарма ауданы Аршалы кентіне таяу 865 км-де қоныстанды. Тағы екі пункт «Омбы - Майқапшағай» күре жолында Бесқарағай ауданының Семеновка  кентіне жақын 634 км-де және Жарма ауданы Суықбұлақ кентіне таяу күре жолда 826 км-де жұмыс жасайтын болады. Қосындар  арнайы медициналық техникамен, медициналық мүлікпен, арнайы апаттық-құтқару жабдығымен жасақталған. Олардың міндеттері  ЖКО барысында зардап шеккендерге шұғыл мелициналық көмек көрсету, ЖКО орнында реанимациялық іс-шаралар жүргізу және зардап шегушілерді емдеу мекемелеріне тасымалдау, тікелей оқиға орнында мамандандырылған апаттық-құтқару құралдарын қолданумен құтқару жұмыстарын жүргізу.  Бұған қоса ол жерде тікұшақ алаңы көзделген. Орталықта бұл әлеуметік-бағдарланған жобаның үшінші жыл жұмыс істеп келе жатқандығын түсіндірді. Пункттер ашылған сәттен бастап медициналық көмек 270 адамға көрсетілді, 164 адам аруханаға жатқызылды.