Шығыс Қазақстан облысының полиция қызметкерлері жоғалған 39 жылқыны иесіне қайтарды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
ШҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, 16 маусымда Бесқарағай аудандық полиция бөліміне 59 жастағы азамат жүгінген.
Өз сөзінде ол 8-9 маусым аралығында Черемушки ауылының маңындағы жайылымнан 39 жылқысының жоғалып кеткенін жеткізді.
Мал иесіне келген шығын көлемі 23 400 000 теңгені құраған.
«Белгілі болғандай, ер адам бір апта бойы малды өз бетімен іздегенімен одан еш нәтиже шықпаған. Полиция қызметкерлері бірден жедел-іздестіру шараларына кірісті. Үш мобильді топ құрылып, көршілес Павлодар облысына жол тартқан. Жақын маңдағы барлық шаруа қожалықтары түгел тексерілді. Іздестіру жұмыстарына жергілікті тұрғындар мен басқа малшылар да тартылған», - деп хабарлады ведомство өкілдері.
Осының нәтижесінде, бір үйір жылқы Грачи ауылының маңынан табылды.
Мал иесі өз кезегінде тәртіп сақшыларына алғысын білдіріп, ризашылығын жеткізді.
