06 там, 2020 сағат 10:35

Шығыс Қазақстанда дала өрті 50 гектар аумақты шарпыды

Кеше Шығыс Қазақстан облысы Бородулиха ауданының Дмитриевка ауылдық округінде шөп өртеніп, тілсіз жау 50 гектар аумаққа жайылған, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

ШҚО Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, оқиға орнына бірден №21 өрт сөндіру бөлімі аттанған. Қызыл жалынды сөндіруге жергілікті атқарушы орган қызметкерлері мен сол маңайдағы шаруа қожалықтардың жұмысшылары да көмек көрсетті. Тілсіз жауды сөндіруге жалпы саны 5 техника мен 14 адам жұмылдырылған. 

«Өңірдегі ыстық әрі құрғақ ауа райы даладағы өрт қаупін арттырып отыр. Осы ретте аймақ халқын өрт қауіпсіздігі ережелерін қатаң сақтауға шақырамыз. Себебі темекі тұқылы, сіріңке, дұрыс жанбаған қоқыс дала шөбі орманның отқа орануына әкеліп соғуы әбден мүмкін», - делінген ведомство мәліметінде. 

Айта кетейік, өрт шыққан жағдайда тұрғындар бірден «101» нөміріне дереу қоңырау шалғаны абзал.