22 шіл, 2021 сағат 17:38

Шығыс Қазақстанда азық-түлік бағасына бақылау күшейтілді


Шығыс Қазақстан облысында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасына бақылау күшейтілуде, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Жыл басынан бері өңірде көкөністің, күнбағыс майының, қант пен сүт өнімдерінің бағасы біршама өскен. Сарапшылардың айтуынша, бұл өткен жылғы егін өнімдерінің азаюынан, коммуналдық қызметтер тарифтерінің қымбаттауынан және Ресей Федерациясынан келетін қаптама материалдар бағасының жоғарылауынан болды.

1 шілдеден бастап «Сауда қызметін реттеу туралы» заңға жасалған түзетулер күшіне енген. Енді жергілікті атқарушы органдар әлеуметтік маңызы бар азық-түлікті сатушылардың бағаны 15 пайыздан асырмауын қадағалайтын болады. Осы ережені бұзғандарға әкімшілік жауапкершілік қарастырылған.

Өскемен қалалық мәслихатының хатшысы Александр Светаштың айтуынша, шаһарда әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасын тұрақтандыру бойынша арнайы мониторингтік топтар жұмыс істейді. Қазіргі уақытта олар кәсіп өкілдеріне заңнама нормаларын түсіндіру мақсатында сауда нысандарын жиі аралауда. 

«Бағаны реттеу үшін қаладағы кәсіпкерлермен 210 меморандум жасалды. Сондай-ақ біз әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын сататын 30 сауда орнын іске қостық. Жоспар бойынша 2021-2022 жылдары тұрақтандыру қорына 2,9 мың тонна картоп, сәбіз, пияз, қырыққабат жеткізілмек», - деді Александр Светаш.

Бұдан бөлек, «Ертіс» ӘКК-нің сауда павильондарында әлеуметтік маңызы бар тауарлардың 8 түрі 20 пайызға дейінгі төмен бағада сатылып жатыр. Атап айтқанда, бірінші сортты ұн - 155 теңге, қант - 290 теңге, күріш - 231 теңге, қарақұмық - 325 теңге, күнбағыс майы - 600 теңге, тұз - 50 теңге, кеспе - 200 теңге, жұмыртқа - 300 теңге.