Шығыс Қазақстан облысының сайлау округтерінде 235 кандидат тіркелді. Оның 85 (36,2%) – саяси партиялар, 150 (63,8%) - өзін-өзі ұсынғандар, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" ШҚО ақпарат орталығына сілтеме жасап.
- Орташа бәсеке - 3 адамнан. Ең көп 4 кандидат – Үржар ауданының Мақаншы ауылдық округінде, Катонқарағай ауданының Белқарағай ауылдық округінде, Глубокое ауданының Ушанов ауылдық округінде, Абай ауданының Архат ауылдық округінде. Қалған 73 сайлау округтерінде – 3 кандидаттан тіркелді, - дейді Шығыс Қазақстан облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Ерсайын Нәбиев.
Саяси партиялар ұсынған 76 сайлау округі бойынша тіркелген кандидаттар: «NurOtan» партиясы - 61 кандидат, «Ауыл» ХДСП - 18 кандидат, «Ак Жол» ҚДП - 1 кандидат, «АDAL» СП - 3 кандидат, ҚХП - 1 кандидат, ЖСДП - 1 кандидат.
- Облыстың 76 сайлау округінде 6 саяси партия ұсынылған: 11 сайлау округінде – 2 саяси партиядан, 65 сайлау округтерінде – 1 саяси партия, 1 сайлау округінде – өзін-өзі ұсынғандар болды, - дейді Шығыс Қазақстан облыстық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Жанар Алқанова.
Тіркеуден өткен 235 кандидаттың 168-і - мемлекеттік қызметшілер.
Сондай-ақ, 48 кандидат ауылдық округте әкім лауазымына қайта ұсынылғандар, 3 кандидат басқа ауылдық округтерде әкім немесе бұрын әкім болғандар.
- Соңғы жұмыс орны мемлекеттік қызметпен байланысты емес 67 кандидат мемлекеттік қызмет саласындағы заң талаптарының сәйкестігінен өтті. Оның 9 - коммерциялық сала өкілдері, 52 - бюджет саласының қызметкерлері, 2 - уақытша жұмыссыз, 1 - үкіметтік емес ұйымдар, 3 – басқалар, - дейді Ерсайын Нәбиев.
235 кандидаттың 174 (74,5 пайызы) – ер адамдар, 61 (25,5 пайызы) – әйел адамдар.
Кандидаттардың орташа жасы - 44 жас, ең жас кандидат – 26 жаста, жасы ең үлкені – 61 жаста.
Ауылдық округтерден 90 кандидат ұсынылып отыр. 130 - сол ауданда, 14 - облыста тұратындар. Басқа өңірден қатысып отырған - 1, ол сол ауылдық округтің тумасы.
