10 қаң, 2017 сағат 20:47

Шығыс Қазақстан 2016 жылды оң көрсеткіштермен аяқтап отыр

Өңір басшысы Даниал Ахметов Шығыс Қазақстан облысының 2016 жылды экономикада және әлеуметтік салада оң нәтижелермен аяқтап отырғанын хабарлады.

Кеңейтілген аппараттық кеңестің барысында ШҚО-ның өткен жылдағы әлеуметтік-экономикалық дамуының алдын-ала қорытындылары жарияланды.

- Біз 2016 жылды оптимистік көрсеткіштермен аяқтап отырмыз. Өңірлік жалпы өнім 114 пайызды құрап отыр. Бұл облыс тұрғындарының атқарған жұмысының оң нәтижесі. Өнеркәсіп саласында көрсеткіштер 139,7 пайызға, ауыл шаруашылығында 109 пайызға артпақ. Аграрлық салада өнім көлемінің артуы барлық қалалар мен аудандарда байқалады. Негізгі капиталға құйылған инвестицияның көлемі 103,9 пайызға көбейді. Жалпы, біз мақсаттық көрсеткіштердің нәтижелі екенін көре аламыз. Бұл – облыс әлеуетінің жоғары екенін тағы бір айшықтай түседі, - деді аймақ басшысы.

2016 жылы өнеркәсіп саласы Өскемен, Семей, Риддер қалаларында және Аягөз ауданында қарқынды дамыған.

Мысалы, бұл бағыттағы көрсеткіш 111,8 пайызға жеткен Семейде өткен жылы электр қуатын тарату желілерінің бағандарын, фанерлалар мен OSB тақтайшаларын өндіру қолға алынған.

Алдын-ала қорытындылар бойынша ауыл шаруашылығының жалпы өнімінің көлемі 399,9 млрд теңгені құрамақ. Ет өндірісі 103,6 пайызға, сүт өндірісі 102,2 пайызға артып отыр.

2016 жылы негізгі капиталға құйылған инвестиция көлемі 427,9 млрд теңгені құраған. Мұндай жоғары көрсеткішке Аягөз, Жарма, Шемонаиха аудандары қол жеткізген. Өткен жылы Ақтоғай тау-кен өңдеу комбинатында сульфидті кенді өңдеу фабрикасы іске қосылған болатын.

Сонымен қатар, жылдың қорытындысы бойынша 334 мың шаршы метр тұрғын үй қолданысқа берілді.

Облыс әкімі Даниал Ахметов 2017 жылы даму қарқынын күшейту үшін бірқатар маңызды міндеттерді атқару керектігін атап өтті.

Ағымдағы жылы өзекті әлеуметтік-экономикалық мәселелерді шешу үшін бюджетте тиісті қаржы қарастырылғаны да тілге тиек етілді. Өңірдің 2017 жылғы бюджеті 304 миллиард теңгені құрап, Қазақстанның Тәуелсіздігі жылдарындағы ең жоғары межеге жетіп отыр.

"Ұлт ақпарат"