08 нау, 2021 сағат 06:15

Швейцариялықтар қоғамдық орында бетті көлегейлеп жүруге қарсы дауыс берді

Швейцарияда жексенбіде өткен референдумге қатысқандардың көпшілігі қоғамдық орында адамның бет-жүзін жабатын киіммен жүруге тыйым салуды қолдаған. SFR телерадиокорпорациясы мен Tagesanzeiger басылымының алдын ала есебі бойынша, Швейцария конфедерациясының 26 кантонындағы тұрғындардың 51 пайыздан астамының ұстанымы осындай.

Gfs.bern агенттігі әлеуметтанушылары дауыс берудің түпкілікті қорытындысы алдын ала есептеу нәтижесінен тым алшақ бола қоймайды деп болжайды.

Жаппай діни шарадан басқа кезде қоғамдық орында адамның бет-жүзін орамалмен жауып жүруіне тыйым салу туралы бастаманы Швейцария халық партиясының оңшыл қанатына жататын депутаттар көтерген.

Референдум қорытындысы ресми түрде бекітілгеннен кейін Швейцария конфедерациясы конституциясында қоғамдық орында қандай киіммен жүруге болатыны жазылмақ. Ресейдің "Новая газета" басылымы қазірдің өзінде Швейцария заңы әйелді бетін бүркемелеп жүруге мәжбүрлеуге тыйым салатынына назар аударады.

8,6 миллион халқы бар Швейцарияда, 2018 жылғы мәлімет бойынша, 450 мыңға жуық адам, яғни тұрғындардың 5,3 пайызы ислам дінін ұстанады.

Бұл елде тіке демократия жүйесі аясында референдумдар мен бүкілхалықтың дауыс беру бірнеше ай сайын өтіп тұрады. 100 мың адамның қолдауын тапқан кез келген мәселені дауысқа қоюға болады.