20 шіл, 2022 сағат 15:58

Шри-Ланкада жаңа Президент сайланды


Сәрсенбі күні Шри-Ланка президентінің міндетін атқарушы Ранил Викрамасингхе ел президенті болып сайланды. Бұл туралы ел парламентінің спикері Махинда Япа Абеивардена мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат ТАСС ақпарат агенттігіне сілтеме жасап. 

Оның айтуынша, Викрамасингхе - 134, Даллас Алахаперума - 82, Анура Кумар Дисанаяка үш дауыс жинаған. 225 депутаттың 223-і дауыс берді, екеуі келмеді, бірнеше бюллетень жарамсыз деп танылды. 

Шри-Ланка парламенті алғаш рет президентті бірнеше кандидаттан сайлады. Шри-Ланка президенті бүкіл елде өтетін сайлауда бес жылдық мерзімге сайланады. Готабая Раджапакса отставкаға кетуі себебімен, конституцияға сәйкес, жаңа президентті ағымдағы мерзімнің соңына дейін заң шығарушы орган сайлады.

1993 жылы президент Ранасинхе Премадасаның қайтыс болуына байланысты (ол жанкешті терросист шабуылынан қаза тапты) парламент Дингири Банда Виджетунге қалған президенттік мерзімге сайлады. Сол кезде оның кандидатурасы жалғыз болғандықтан, ол бірауыздан сайланды.

Шри-Ланкадағы саяси жағдай 9 шілдеде күні шерушілер мемлекет басшысы мен премьер-министр резиденцияларын басып алған кезде ушыға түсті. Тәртіпсіздік кезінде 100-ден астам адам жарақат алды.

Викрамасинге бұдан бұрын ТАСС агенттігіне берген сұхбатында айтқандай, арал мемлекеті қазіргі тарихтағы ең ауыр дағдарысты бастан өткеруде: валюта, жанар-жағармай, мұнай өнімдері, тыңайтқыштар, азық-түлік пен дәрі-дәрмектің айтарлықтай тапшылығы байқалады. Оның айтуынша, дағдарыстан толық шығу үшін елге кемінде үш жыл қажет.