31 қаз, 2019 сағат 09:52

Шпекбаев: "Параны басшы ашкөздіктен, қарапайым маман қажеттіліктен алады"

Басшы параны ашкөздіктен, қарапайым маман қажеттіліктен алады деген қоғамдық пікір әділ болып көрінеді. Бұл туралы бүгін ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің алқа мәжілісінде ведомство басшысы Алик Шпекбаев айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Агенттік басшысы өз сөзінде Сингапур, Гонконг, Еуропа сияқты сыбайлас жемқорлық деңгейі төмен елдерде жалақы көлемін түбегейлі арттыру сыбайлас жемқорлықты жоюдың негізгі шарты болғанын, мемлекеттік аппаратқа жоғары білікті кадрлардың келуін қамтамасыз еткенін мысалға келтірді.

«Қазақстанның қазіргі шынайы өміріне оралсам, соңғы 5 жылда сыбайлас жемқорлық үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылғандардың 75 пайызы – бұлар жалақысы төмен орта және төменгі буындағы мемлекеттік қызметкерлері. Осы орайда басшылар параны ашкөздіктен, ал қарапайым маман қажеттіліктен және тығырыққа тірелгендіктен алатындығы туралы қоғамдық пікір барынша әділ болып көрінеді», - деді А.Шпекбаев.

Еске салсақ, бұған дейін Шпекбаев мемқызметшілердің жалақысын 2 есе көтеру мүмкіндігі туралы айтқан болатын.