23 ақп, 2026 сағат 12:31

Шорт-трек шебері Абзал Әжғалиев өзін Марко Ройске теңеді

Фото: Olympic.kz

Қазақстандық шорт-тректің жарық жұлдызы, ұлттық құраманың ардагері Абзал Әжғалиев Италияда өткен XXV қысқы Олимпиада ойындарынан кейін өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында жанкүйерлеріне арнап жүрекжарды жазба жариялады, деп хабарлайды Ult.kz.

Төртінші мәрте Олимпиада айдынына шыққан спортшы өзін әлемдік футболдың аңызы Марко Ройспен салыстырып, бұл жолғы доданың ол үшін орны ерекше болғанын атап өтті.

«Егер футболда Ройс туралы «тағы да чемпион атанбады» деп айтса, шорт-тректе бұл мен шығармын», — деп ағынан жарылған Абзал, спорттық жолындағы қиындықтар мен жеңістеріне қарамастан, халықтың ыстық ықыласына бөленгені үшін шексіз алғысын білдірді.


Спортшы өз үндеуінде түн ұйқысын қиып, таңға дейін жарыстарды тамашалаған отандастарының қолдауы ол үшін ең үлкен марапат екенін жеткізді. Ол көп жылдар бойы елімізде шорт-тректің дамуына үлес қосып келе жатқанын және бұл жұмысты алдағы уақытта да жалғастыра беретінін айтты. Әжғалиевтің айтуынша, Қазақстанды шорт-тректен ең мықты мемлекеттердің қатарына қосу — оның басты миссиясы әрі жүрек қалауы.

Сөзінің соңында олимпиадашы барша қазақстандықтарға өтініш тастап, шорт-трек спортын тек төрт жылда бір келетін Олимпиада кезінде ғана емес, күнделікті халықаралық жарыстарда да қолдап жүруге шақырды.

«Келесі Олимпиадаға дейін біздің спорт жайлы ұмытып кетпеңіздер. Бұл өте қызықты әрі тартысты спорт түрі», — деген Абзал Әжғалиев алдағы уақытта да ел намысын абыроймен қорғауға тырысатынын жеткізді.


Осылайша, төрт Олимпиаданы еңсерген тәжірибелі спортшы жас буынға үлгі болып, қазақ спортының болашағы үшін аянбай еңбек ететінін тағы бір мәрте дәлелдеді.