Бүгін қазақ поэзиясының көрнекті өкілі, белгілі ақын, аудармашы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Шөмішбай Сариев 75 жасқа қараған шағында жарық дүниемен қош айтысты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Оның есімі өлеңсүйер, әнсүйер қауымға кеңінен таныс. Ақынның лирикалық жырлары мен ән өлеңдері көптеген қазақ композиторының шығармашылығына арқау болды.
«Шөмішбай Сариев – поэзиямызға 70-жылдары келген бір топ талантты ақындардың ортасында өз өлең өрнегі, өз алдына дауысы ә дегенде белгілі болған ақындардың бірі… Шөмішбай – қос қанатты ақын. Біріншісі, лирикалық жырлары болса, екіншісі – ән-өлеңдері. Поэзияның екі саласы ақынның қос қанатына айналған», – деп ақын Ғафу Қайырбеков жоғары баға берген.
Ақынның көркем туындылары халық сүйіспеншілігіне бөленіп, көптеген мемлекеттік және қоғамдық, әдеби марапаттарға ие болған. Ол – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Парасат» орденінің иегері, Франц Кафка атындағы халықаралық Алтын медальмен марапатталған және «Платина Тарлан» сыйлығын, «Жыл Адамы – Алтын адам», «Халықтың сүйіктісі» ұлттық сыйлығын алған ақын.
Шөмішбай Сариев 300-ден астам халыққа кең тараған ән сөздерінің авторы. «Айналдым сенен, Атамекен-ай», «Сәлем саған, туған ел», «Толғау», «Аралдан ұшқан аққулар», «Домбыра», «Жусан исі», «Қазағымның күйлері-ай», «Сарыарқа», «Бозжорға», «Қазақстан», «Дос керек», «Аяулым», «Арайлы Астана», «Аға, сенсің – Алатауым», «Сағынышым – Астана», «Сүйінші», «Асыл ана», «Ғашықтар жыры», «Аққу сенім», «Ойлан, балам», «Сағындым, сағым жылдар», «Қайран уақыт» тағы басқа ән-өлеңдері көпшілік қауым сүйіп айтатын туындыларға айналды.
Кезінде ғалым, ұстаз, қазақтың біртуар тұлғасы Зейнолла Қабдолов ағамыз: «Әннің ғұмырлы болуы – ол тек сөз мәтініне ғана байланысты, әннің сөзі жақсы болса ғана әнді халық сүйіп айтады, ғұмырлы болады, мен сондай әндердің мәтінін Шөмішбайдың жазған ән-өлеңдерінен көріп, сезінемін, әнге мәтін жазудың шебері», – деп бағалаған еді.
Дәл сондай пікірді Қазақстанның Еңбек Ері, әнші Роза Рымбаева да: «Шөмішбайдың өлеңіне жазылған әндер осыдан 30-40 жыл бұрын жазылса да, әлі күнге дейін жаңа жазылған ән секілді, сахнадан түскен жоқ, өзінің өзектілігін, өміршеңдігін сақтап келеді», – деп айтқан.
Шөмішбай Сариев 1946 жылы 15 сәуірде Қызылорда облысы, Арал ауданы, Шөміш стансасында дүниеге келген. Қамбаш орта мектебін бітірісімен, Қазалы аудандық «Ленин туы» және Арал аудандық «Толқын» газеттерінде қызмет атқарған.
1971 жылы ҚазМУ-дің журналистика факультетін бітірген. 1970–1974 жылдары «Қазақстан» баспасында редактор, «Жұлдыз» журналында бөлім меңгерушісі, Қазақстан Республикасы ҰҒА-ның М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында ғылыми қызметкер, аға ғылыми қызметкер болған.
1996 жылы «Қазіргі қазақ лирикасының ізденістері» атты тақырыпта ғылым кандидаты дәрежесін иеленді. «XX ғасырдың жиырмасыншы жылдардағы поэзиясы» атты монография жазған.
«Ғашықтар жыры», «Бозжорға» атты авторлық бейнетаспасы жарық көрді. Г.Гулиа, О.Берггольц, И.Абашидзе, С.Викулов, А.Дементьев, Ф.Алиева, Р.Рождественский, М.Эминеску, т.б. ақындардың өлеңдерін қазақ тіліне аударған.
Алғашқы жыр жинағы 1974 жылы «Балдәурен» деген атпен жарық көрген. Содан бергі аралықта қазақ, орыс тілдерінде жиырмаға тарта жинағы шыққан. 1994 жылы «Жазушы» баспасынан таңдамалы өлеңдер томдығы, 1992 жылы «Сүйінші» деген атпен ән өлеңдері жеке жинақ боп басылған.